ӘЛ-ФАРАБИ ТАНЫМЫНДАҒЫ ҚАЛАЛАР

Жақында Алматыда «Әлемнің екінші ұстазы» атанған Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығы салтанатты түрде ашылып, оған әлемнің көптеген елдерінен атақты ғалымдар қатысты. Біз осыған орай, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының кеңесшісі, тарих ғылымының докторы, профессор С.М.Борбасовты әңгімеге тартқан едік.
– Сайын Молдағалиұлы, ұлы ұстаз әл-Фарабидің 1150 жылдығын тойлау Алматыда бастау алды. Оған әлемнің әр шалғайынан белгілі ғалымдар қатысып, өз ойларын білдірді. Халықаралық конференция сабақтарынан не ұқтыңыз?
– Әлемнің екінші ұстазының қазақ топырағында туып-өскені туралы әлемге танытуымыздың өзі үлкен жетістік. Әлем ғұламаларының оның түркі халқының өкілі екендігін айтып, Қазақстан жерінде өмірге келгендігін мойындауы да ақиқат. Енді шара ЮНЕСКО, ТҮРКСОЙ және ИСЕСКО халықаралық ұйымдары шеңберінде де тойланып, тақырып аясында түрлі конференциялар өткізілуі Қазақстан бастамасына үлкен серпін бермек. Іс-шараның ғұламаның атымен аталатын Қазақ ұлттық әл-Фараби университетінде аталып өтуінің өзі қазақ білімінің өресінің биіктігін тағы бір паш етті. Мерейтойдың ашылуына орай, білім ордасында әл-Фараби орталығының ашылуы алдағы уақытта ғылыми ізденуді одан әрі жалғастыра түспек. Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев: «Бүгінде әлемнің 12 университетінде ғылыми орталық, ал Стамбул мен Делиде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ашқан мұражай үйлер бар. Келешекте Конфуций институттары немесе Гете институттарының ғаламдық желілері секілді әл-Фараби орталықтары да кеңейе бермек. Жақында «Әл-Фараби ізімен» атты ғылыми экспедиция жұмысын бастайды. Барлық іс-шара ғылымға және білімнің дамуына лайықты ықпал етеді деп сенемін», – деді. Осыған орай, оқу орнында әл-Фараби ғылыми-технологиялық алқабын ашу қолға алынбақшы.
Әл-Фараби ілімі қазіргі заманда өте өзекті әрі қажетті екені белгілі. Қазір осы ілімді Қазақ ұлттық университеті қолға алып отыр. Әлемге белгілі оқу орны Біріккен Ұлттар Ұйымының тұрақты даму жөніндегі хабына қосылып, Өркениеттер альянсымен бірге «Қайырымды қоғам азаматтарын қалыптастырудағы университеттер миссиясына» қосылған. Қазір білім ордасы оны әлемнің өзге оқу орындарына таратуда игілікті бастама көтеріп отыр.
– Ұлы ғұламаның қайырымды қоғам, бақыт, адамның рухани жетілуі туралы айтқан сөздері қазіргі заман үшін де аса маңызды емес пе?
– Ұстаздың көзқарастарына Х ғасырдағы қазақ жерінде болған мемлекеттік құрылыстың ықпалы болды деп ойлаймын. Оның «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактаттар» және «Азаматтық саясат» еңбектерінің мемлекет табиғатын ашудағы маңызы зор.
Ұлы бабамыздың пікірі бойынша адамзаттың тарихы оның тоқтаусыз жетілуінің тарихы. «Адамның жетілуі, дамуы үшін оған көп нәрселер керек. Олар өзі жеке-дара жете алмайтын нәрселерге, адамдардың бірлестігі арқасында жетеді. Басқа адамдар да оған осындай тәуелділікте болады. Сондықтан бірлесіп, бір-біріне көмектесетін адамдар өздерінің өмір сүруіне қажетті мәселелерді бірлесіп қана шеше алады. Жекелеген адамдар бірлесіп қызмет ету барысында жетілуге қол жеткізеді», – деп жазды әл-Фараби. Сондай-ақ, ғұламаның «Даналық жауһарлары», «Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы», «Бақытқа жету», «Мемлекеттік қайраткерлердің нақыл сөздері» сияқты еңбектері мыңдаған жыл өтсе де өз мәнін жойған жоқ.
Бір-біріне кӨмектесіп, ықпалдасып Өмір кешуді қалаған қала – қайырымды қала
– Біздің жағдайымызда «Қайырымды қала» туралы идеялары аса өзекті болып отырған сияқты.
– Ұлы ойшыл қауымдарды – ұлы, орташа, кіші деп үш түрге бөледі. Ұлы түр – қоғамда белгілі бір жерді мекендеген адамдардың жиыны. Орташа қоғам – бір халықтың жиынтығы. Ал кіші қоғам – қаланың белгілі бір бөлігін ғана қамтитын адамдардың жиынтығы. Олар кварталдарға, көшелерге бөлініп адамдардың мекенін құрайды. Жеке адамдардың дамуы ұлы қоғамды құрайтын қалада ғана болуы мүмкін деп есептейді әл-Фараби. Демек, ұстаздың ойынша, мемлекет жақсы дамыған қала. Адамдар бір-біріне көмектесіп, ықпалдасып өмір сүретін қала қайырымды қала. Ал адамдар бақытты болу үшін бір-біріне көмектесіп өмір кешуді қаласа, қайырымды қоғам болғаны.
Қайырымды қала жетілген ағзаға ұқсас, оның барлық мүшелері бірін-бірі толықтырып, тіршілік иесінің өмірін сақтап, оны мәнді ете түседі, – деп есептейді әл-Фараби. Ойшылдың пікірлерінің дұрыстығын көптеген мықты мемлекеттердің тарихи тәжірибелері дәлелдеп келеді. Шындығында, мемлекеттің әрбір органының өзіне тән атқаратын қызметтері бар. Оларды басқа мекемелер алмастыра бастаса, мемлекеттің жалпы дамуына зияны тиеді. Елдегі барлық мекемелер ең шешуші мекемеге бағынғаны тиімді. Шешуші фигура патша, хан, император, президент болуы мүмкін. Олар қоғамдағы, мемлекеттегі ең басты мәселелермен ғана айналысуға міндетті. Патшаға ең жақын адамдар осы негізгі міндеттерді шешуге өз жағдайларына, мүмкіндіктеріне қарай көмектеседі. Ал екінші деңгейдегі адамдар бірінші деңгейдегі басшыларға негізгі міндеттерді шешуге жұмыс жасайды, үшінші деңгей барлық істерде екінші деңгейдегі қызметкерлердің өз жұмыстарын ойдағыдай атқаруын қамтамасыз етіп отырады.
Әл-Фараби бірлестіктің дамуынан туындайтын талаптар мен мақсаттар табиғи құбылыс деп біледі. Себебі, олар адамдардың табиғи талаптарынан пайда болады. Адамдарды ортақ мақсаттарды орындауға арналған ерік біріктіреді. Бүгінгі мемлекеттік құрылысты тарихи тұрғысынан қарасақ, адамдардың ортақ, еркін мақсаттарын Конституция мен заңдар бекітеді. Конституциялық қағидаттар мен принциптер тарихи шындықпен, адамдардың қоғамдық-саяси мұраттарымен, құндылықтарымен неғұрлым байланысты болса, халықтың ортақ мақсаттарды қолдауы соғұрлым белсенді болады. Әл-Фараби осы күрделі заңдылықты Х ғасырда-ақ, сол кездегі тарихи және саяси тәжірибелердің негізінде өте терең талдап көрсетіп берген.
Тарихтағы бірінші басшының шешуші рөлін Әл-Фараби назардан тыс қалдырмайды. Бірінші басшы нағыз жетілген, басқалардан әлдеқайда озық тұлға болуы тиіс. Ол өзі басқаратындардан биік деңгейде болады. Осындай басшы қалалық бірлестікті ойдағыдай билейді.
Қайырымды қала басшылары басқару Өнерін халық игілігіне жұмсайды
– Қаланы, мемлекетті кім көрінген басқара алмайтыны анық. Ол үшін адамның басқаруға дайындығы болуы керек. Сонымен қатар, оның күрделі ағзаны басқаруға ерік-жігері де күшті болуы қажеттігі айтылған болар?
– Басқару өнері табиғатынан осы істі қалайтын адамға бұйырады. Соның ішінде қаланы билеу ерекше өнер. Ол қызмет өнері. Қайырымды қала басшылары басқару өнерін халық игілігіне жұмсайды.
Патшаның, қала басының бойында болуға тиісті мұндай сапалық құндылықтар тәуелсіз мемлекетті құрудың, оны қалыптастырып дамытудың қайнар көзі болады. Әл-Фарабидің қайырымды қаласының үлгісі қандай да болмасын мемлекет үшін маңызды. ХХ ғасырдың 70-ші жылдарынан бастап, Қазақстанның зиялы қауымына таныс болған әл-Фараби еңбектеріндегі идеялардың, ұсыныстар мен пікірлердің елдің тәуелсіз келбетін қалыптастыру ісінде маңызы зор болды. Әл-Фарабидің қайырымды қала тұрғындары туралы концептуалдық дүниетанымы сөз жоқ, Қазақстан халқының қоғамдық-саяси, рухани-әлеуметтік көзқарастарын дамытып, тәуелсіздіктің теориялық негіздерінің біріне айналды.
Тарихи тәжірибеден, қоғамдық-саяси ойдың жетістіктерінен үлгі-өнеге алған мемлекеттер ғана тиімді даму жолына түсіп, күшті мемлекеттер қатарына қосыла алады. Сондықтан әл-Фарабидің ұсынған идеяларын Қазақстан ғана емес, бүткіл өркениетті адамзат басшылыққа алып отыр. Сол себепті, әл-Фарабиді әлемдік ой тарихында Аристотельден кейінгі екінші ұстаз ретінде бағалайды. Оның ойлары мен ұсыныстарының дұрыстығын көптеген мысалдармен дәлелдей аламыз. Әл-Фараби бірінші басшының ерекше жетілген қайраткер екенін де дәлелдеп берген. Оны басқалар билеп кете алмайды. Себебі, басқалар ол ойлаған ой-пікірлер дәрежесіне, оның қоршаған ортаны түсіну деңгейіне көтеріле алмайды. Оның ізденімпаз санасы көптеген ұғымдарды меңгерген. Басқару барысында оның назарынан қандай да болмасын маңызды мәселе тысқары қалмаған.
Әл-Фараби айтқандай, адамның ізденімпаз ақылы оның қоғам мен табиғаттың қыр-сырларын неғұрлым толығырақ түсінуіне көмектеседі. Қайырымды қала басшысы өзі түсінген құбылыстарды әдемі, түсінікті сөздермен жеткізе алатын шешен болуы қажет. Нағыз басшы халықты және қаланы бақытқа бастайды және бақытқа жетудің жолдарын көрсетуге қабілетті. Қайырымды қаланың басшысының 12 табиғи сапасы болады. Басшының денсаулығы жақсы болып, өзіне жүктелетін істерді еркін жүріп шешуге қабілетті болғаны абзал. Сонымен бірге, көргенін, естігенін ұмытпайтын зерек, әрбір құбылысты терең түсіне білетін сұңғыла, білімге, оқуға құштар, жаңалықты іздеуден жалықпайтын, шындықты сүйетін, өтірік пен жағымпаздардан аулақ жүретін, абыройы мен арын сақтайтын, адамдарға қамқор бола білетін, жазықсыз жәбірлеуге жол бермейтін, әділетсіздік пен өтірікке қатал, өзінен кейінгілерге қатал талап қоя білетін, бірбеткей, бірақ қажет кезде шегініс жасай білетін, қорқынышы мен әлсіздігі жоқ болуы керек деген талаптарды қояды. Аталған 12 талап, сапа адамның ішкі қасиеттерінен, табиғатынан келеді. Басшының оқу, білімі, іскерлігі оның сапаларын ашады.
– Ұлы данышпан қайырымды қалаға қарсы қайырымсыз, әділетсіз, қараңғы қала туралы не айтады?
– Ұстаз – халқы бақыттың не екендігін білмейтіндер туралы да ой қозғайды. Оларды қараңғылардың қаласы, қажеттіліктер қаласы, айырбас қаласы, бақытсыздың қаласы, мақтаншақтың қаласы, билікке құмарлық қаласы деп бөледі. Мысалы, қажеттіліктер қаласы – тәнге керектерді: тамақты, киімді, ішімдікті, жыныстық қатынастарды ғана қалайды. Айырбас қаласында – тек байлыққа ұмтылу маңызды. Мақтаншақтар қаласында – істер тек мақтау үшін жасалынады. Бізді басқалар танып, үлгі етсе екен деп мақтанады. Билікке құмар қала – басқа халықтарды бағындырсам, өзім ешкімге бағынбасам деп көксейді.
Қайырымсыз қалалардың басшылары қайырымды қала басшыларынан мүлдем бөлек. Олар мемлекеттерін мақтан, өтірік, зорлық-зомбылық үшін пайдаланады. Қайырымсыз қалаларда жақсылық пен әділеттің дәстүрі жоқ. Ал қайырымды қаланың басшысының жақсы істерін келесі басшы жалғастырады. Сонда біртұтас жақсының дәстүрі жалғасады. Бұлай болуы халықтардың ұзақ бақытты өмір сүруінің кепілі болады, – дейді ұлы ойшыл.
– Әл-Фараби еңбектеріндегі ойлардан мемлекетті құру, ұйымдастыру, басқару мәселелері қақында пайдалы білім алуға болады дейсіз ғой…
– Білім – Қазақстан мемлекеттілігін нығайтуға көмектесетін тәжірибелік істерге ұласуы даусыз. Сондықтан түркі халқының ұлы ойшылының пікірлерінің теориялық қана емес, практикалық та маңызы бар. Қазақстан мемлекеті қайырымды қала үлгісіндегі мемлекет, ал ел басшылары осындай қаланың басшыларындай болуы тиімді дамудың кепілі болады. Бүгінгі Қазақстан дамуы үшін әл-Фарабидің тарихи, философиялық, этикалық мұралары өз құндылығын бір мысқал да жойған жоқ. Осы ізгілікті жастарымыздың бойына егуіміз керек.
Алматы – жастар қаласы. Ал жастар елдің мұраты. Шығыс билеушілерінің бірі данышпаннан: «Ұстаз, менің мемлекетімнің болашағы қандай күйде болады?» деп сұрапты. Сонда әл-Фараби: «Еліңнің болашағын білгің келсе, маған жастарыңды көрсет, сонан соң айтып берейін», – деп жауап беріпті.
Қазақ ұлтының тарихи санасына және рухани-әлеуметтік ойына үлкен ықпалын тигізген ұлы ғұламаның ілімдері қоғамның оңалуына ықпал ететін бірден-бір құндылықтар жүйесі.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен –
Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ.